Бастапқы бет / Ел жаңалықтары / Елімізде азаматтық алу жеңілдеді

Елімізде азаматтық алу жеңілдеді

Соңғы кездері өзекті тақырыпқа айналған оралмандар мәселесі бүгін де билік басындағылардың назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы уақыттағы оралмандардың азаматтық алуын қиындатқан заң тармақтары қандастарымыздың келуіне кері әсер бергені шындық. Алайда, бүгін сол қандастарымыздың азаматтық алуына байланысты сүйіншілі жаңалық келіп жетті. Ендігі жерде оралман ағайындар бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алуына болады. Бұл туралы  ҚР Президентi жанындағы ОКҚ брифингi барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлiмдеді.

Аталған брифингте Т. Дүйсенова:

– Оралмандар жөнiнде өткен жылы жаңа заң қабылдаған болатын. Сол заңға сәйкес Қазақстанда оралмандарды қабылдайтын аймақтар бекiтiлiп, сол өңiрлерге барған азаматтарға оралман мәртебесi берiлген. Ал, егер олар басқа аймақтарға баратын болса, «оралман» мәртебесi алынып тасталған болатын. Бүгiн үкiметте бiз бұл мәселенi қайта қарадық. Қазiр бiздiң қандастарымыз республиканың қай облысына баратын болса, сол жерде оралман мәртебесi берiлетiн болды, – дедi.

Сондай-ақ, министр ханым «жаңа заңымызда көрсетiлгендей, белгiлi бiр өңiрден басқа өңiрге көшсе, онда оралмандар шетел азаматтары сияқты өздерiнiң төлеу қабiлеттiлiгiн дәлелдеп, содан кейiн уақытша тұруға мүмкiндiк алатын едi. Қазiр мақұлданған шешiмге байланысты азаматтардан, этникалық қазақтардан, өзiнiң төлеу қабiлеттiлiгi жөнiнде еш дәлелдеме талап етілмейді. Елiмiздiң азаматтығын алу үшiн үлкен тосқауылдар болмайды. Егер алдыңғы заңымызда шетелден келген қандастарымыз оралман мәтебесiн алып, 7 жылдан кейiн ғана мемлекеттiң азаматтығына ие болса, қазiр келгеннен кейiн 1 жылдың iшiнде азамат оралман мәртебесiн алады, содан кейiн 1 жылдан соң мемлекет азаматтығын ала алады», – деп толықтырды сөзін.

Брифинг барысында қандастар үшін тағы бір жағымды жаңалықтың көбесі сөгілгендей болды. Министр шетелден оралған азаматтардың бейiмделуi мен ықпалдасуы үдерiсiн жеделдету, жұмыспен қамту мәселелерiн шешу мақсаттарында оралмандарды еңбек ресурстары жеткiлiксiз болып отырған өңiрлерге тартуға әрекет жасалып жатқанын да айтып өтті. Бұл жаңа келген қандастарымыздың жұмыспен қамтылуына өзіндік септігін тигізері даусыз.

Тағы бір атап өтерлігі, шеттен көшіп келген қандастарды бұдан былай белгіленген елді мекендерге күштеп қоныстандырмайтыны анық белгілі болды. Сөз соңында министр ханым:

– Қайсы аймаққа барам десе де ол – қандастарымыздың өз еркi. Егер, бiз анықтаған еңбек ресурстары жетiспейтiн өңiрлерге баратын болса, онда ол азаматтарға мемлекет тарапынан қосымша әлеуметтік пакет берiлетiн болады, – деп мәлім етті.

Күнсұлтан ОТАРБАЙ,
«SKIFNEWS.KZ».

Оқи отырыңыз

Қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын уақытынан бұрын шешіп алуға рұқсат етіледі

Мұндай мүмкіндік зейнетақы жинағын жеткілікті мөлшерде жинап қойған азаматтарға беріледі. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ...

3 пікір

  1. Кайрат

    Мен Жаймбетов Кайрат ыктияр хатты07.09.2015те алдым енди азаматтык алу калай болады отказ алып кел деген маган

  2. Кайрат

    Мен Жаймбетов Кайрат ыктияр хатты 07.09.2015те алдым. Енди азаматтык алу ушин отказ алып кел дейди отказды алу киын болып жатыр

  3. азаматтыкка дейн прописка калай болады. мысалыга ыктиярхатты 3 ай кутесин деди. сол 3 ай пропискамыз калай болады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *