Бастапқы бет / Сараптама / 2050 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының халқы 5,2 миллионға жетуі мүмкін  

2050 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының халқы 5,2 миллионға жетуі мүмкін  

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру басым бағыттардың бірі екендігін атап көрсеткен болатын.  Осы ретте  Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі өңіраралық бірігуді дамытудың шараларын Оңтүстік Қазақстан облысынан бастады. Нәтижесі жаман болған жоқ. Үш күндік семинарда солтүстікке көшкісі келетін 700 отбасы анықталды. Бұл дегеніміз, 2000 адам. Аз емес әрине.

Рас, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында халық санының өсімі байқалады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда оңтүстіктегі халық саны жыл сайын 2 пайызға артып, бүгінгі күні 3 миллионға жуықтапты. Демографиялық жағынан өте белсенді өңірде жылына 80 мыңға жуық нәресте дүние есігін ашады. Мектептің табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің саны орта есеппен 70 мың адаммен толығуда.  Бұл жағдай 2006 жылдан 2 есе дерлік жоғары.  70 мыңға жуық  түлек мектеп бітіріп шығады.  Республикадағы көп балалы отбасыладың үштен бір бөлігі осы облыста ғұмыр кешіп жатыр.   «Серпін» бағдарламасымен 5627 жас түлек солтүстіктердегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Болжам бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны шамамен миллион адамға қысқарса, керісінше оңтүстік өңірде 5,2 миллион  адамға артады. Сондай-ақ оңтүстік өңірдегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстік өңірден 5 есеге артуы мүмкін.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің өткен  жылғы қараша айындағы соңғы мәліметтері бойынша еліміздегі халық саны 17 млн. 353 мың 700 адамнан асқан. Әлбетте, еліміздегі өмір сүрудің жайлылығы, экономикалық өсім, саяси тұрақтылық, әлеуметтік қолдауды дұрыс бағдарлау нәтижесінде туу көрсеткіші де өсті, елден кетушілер емес, келушілер саны да  артып отыр.
2050 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігіндегі халық саны солтүстікке қарағанда 5 есеге артады.    Зерттеу болжамдарына сүйенсек, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,3 млн. адамнан асады. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда алдағы он сегіз жылда қазақстандықтардың саны 3,3 млн. адамға немесе 20 пайызға артатыны болжанып отыр.

Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын қоспағанда) халықтың 38 пайызы шоғырланса, сөйте тұра олардың жалпы аймақтық өнімдегі үлесі 17 пайызды ғана құрайды. Ал батыс өңірлерде халықтың 11 пайызы тұрып, жалпы аймақтық өнім үлесі 22 пайыздан асады. Солтүстік аудандарда халықтың 29 пайызы шоғырланып, жалпы аймақтық өнімі 25 пайызды құрауы мүмкін

Сөйтіп, жаһандық деңгеймен салыстырғанда Қазақстан халқының өсуі миграцияның барлық ағынын қоса есептегенде қарқынды бола түспек. Ал осы халық өсімін өңірлік құрылымдарда талдасақ, жоғарыда болжанған 20,3 млн. адамның басым бөлігі немесе 52,7 пайызы негізінен еліміздің бес өңіріне шоғырланады екен. Мәселен, қазіргі үдеріспен айқындалатын болжам бойынша 2030 жылға қарай Алматы облысында – 2,5 млн. адам, Жамбыл облысында – 1,249 млн. адам, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 млн. 660 мың адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн. адам. Яғни, бүкіл Қазақстан халқының 10 милионнан астамы бүгінгідей қарқынмен үдей берсе, жоғарыда аталған бес өңірде шоғырланады деген сөз.
Ал осы кезең ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында керісінше халық саны кеми түсетіні болжанып отыр.

«Егерде, біз көші-қонға қатысты үдерісті бүгінгі күннен өзгертпестен ұстап тұрсақ, онда оңтүстік өңірлерде туу есебінен халық саны артып, керісінше солтүстік өңірлерде төмендей береді», — дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Тамара Дүйсенова.

Ендігі басты мәселе – еңбек ресурстарының һәм өңірлердегі еңбекке қабілетті адамдардың бөлінісі. Мұнда да, негізінен оңтүстік өңірлерде еңбекке қабілетті адамдар саны арта түссе, керісінше солтүстік облыстарда жұмыс күшінің жетіспеушілігі проблемаға айналу ықтималдығы басым болады.

Көші-қонның оңтайлы саясаты: «оңтүстіктен – солтүстікке» және «ауылдан-қалаға» бағдарланып отыр.

Осы жайттарды ескерсек, Қазақстандағы ішкі көші-қон ахуалы да жыл сайын күрделеніп бара жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен, ел Үкіметі осы мәселелерді шешуге ден қоя бастады.

Олжас Беркін

 

 

Оқи отырыңыз

Қазақ көші-қоны мемлекет саясатындағы ұлттық мүдденің алтын тұғыры

23 маусымда V дүниежүзі қазақтары құрылтайында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбековсайланған еді. Зауытбек ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *