Бастапқы бет / Айтарым бар еді / «Қазақстанда табиғи апат жиілеп, аштық болуы мүмкін» — БҰҰ Даму бағдарламасының маманы

«Қазақстанда табиғи апат жиілеп, аштық болуы мүмкін» — БҰҰ Даму бағдарламасының маманы

 

Қазақстанда аштық болуы мүмкін. Осындай аласапыран заманның туатынын болжаған БҰҰ-ның Даму бағдарламасының сарапшылары соңғы кездері елімізде белең алып, көктемдегі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан — топан су мен селдің жүруі кездейсоқтық емес екендігін айтты.

Алдағы 15 жылда экология саласында озық технологияларды енгізіп, оны 15 жыл бойына дұрыс пайдаланбаса табиғаттың ерсі мінезі Қазақстанды шыр айналдырып, оның арты жақсы болмайды депті олар деп жазады kazahk-zerno.kz.

„Жаман айтпай, жақсы жоқ„ демекші, БҰҰ Даму бағдарламасы келтірген дәйектерге сүйенсек, Қазақстанда климаттың жылынуы әлемге қарағанда тезірек жүріп жатыр. Мәселен, былтыр ауа-райы температурасындағы аномалия, яғни ауытқушылық 1961-1990 жылдарғы орташа сынап бағанымен салыстырғанда +1,66 градус Цельсиді көрсеткен. БҰҰ Даму бағдарламасы есебіндегі Қазақстан туралы келтірілген мәліметке кеңінен тоқтала кетелік.

-Тіпті, 2050 жылға дейінгі климаттағы өзгеріс жәй жүрді дегеннің өзінде Қазақстан тауларындағы сулар орташа есеппен 7 процентке артып, ал жазықтықтағы көл-өзендер, керісінше,3,8 процентке тартылуы ықтимал. Осы жағынан алғанда, Қазақстанның оңтүстік пен шығысында мұздықтармен толығатын өзен-көлдер жылда тасып, табиғи апат көбейеді. Ал Қазақстанның батысы, солтүстігі және орталығындағы жазықтықтағы өзендер құрғақшылыққа байланысты тартыла түспек. Бұл жыл бойындағы орташа температураның көтеріліп кеткенімен байланысты, — дейді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы ресми өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел.  Сондай-ақ ол Қазақстанда жылда көктемде орын алатын тасқын мен селдің жиілей беретінін де айтады.

— Осы бетімен кете берсе алдағы 30 жылдың ішінде елімізде аштық болуы да ықтимал. Өйткені климаттағы өзгеріс жайылым жерлердің бүлінуіне, мал ауруының жиілеуіне әкеп соғуда. Тіпті, халықаралық ұйымның болжамынша, енді Қазақстанда егін шаруашылығының да өнімі күрт төмендемек, — деді ол. — Біз жаздық жұмсақ бидайдың түсіміне қатысты болжам жасадық. Орташа есеппен ол 2030 жылға қарай 30 процентке, ал 2040 жылға қарай 40 процентке азаймақ.  Егер жағдайды реттеуді қолға алмай, осы бетімен жібере берсек, оның ақыры жақсылыққа апармайды. Тез арада жаңа технологияларды қолдана бастауымыз қажет, — дейді БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының менеджері Сәулет Сәкенов.

Жалпы, бұл бүкіл әлемге сай құбылыс. Тынық Мұхитта бүтіндей арал су астына кетіп жатыр. Ал Таяу Шығыста жасыл желек қалалар құлазыған жазыққа айналуда. Ал ХХ ғасырдың соңына қарай Тян-Шань тауларындағы мұздақтардың ауданы 25-35 пайызға азайған. Бұл фактіні ҚР Энергетика министрлігі де растап отыр.

„Жағдай дәл осындай жолмен өрши берсе, 2050 жылға қарай мұздақтардың басым бөлігі еріп кетуі мүмкін. Бұл жағдай ауыл шаруашылығын, өнеркәсіптерді сумен қаматамасыз етуге айтарлықтай қатер тудырады. Бүгіндері Қазақстандағы су тапшылығы 20 процентті құрап отыр. Болашақта тұтынудың артуы мен ауа-райының өзгеріс салдарынан ондай тапшылық ұлғая түсуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан су үнемін қазірден қолға алуы керек„ делінеді біздің министрліктің хабарламасында.

Демек, министрлік бір қауіптің барын, оның қалай алдын алуға болатынын ескертіп отыр. Ал мамандар еліміздегі экологиялық жобалардан Үкімет ақшасын аямаса дейді.

— Қазақстан халқын суды, энергияны үнемдеуге ынтылантырып отырған бірнеше жоба бар. Біріншісі — ақпараттық. Сондай-ақ Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі  мұндай үнем технологияларының озығы барын байқатты. Екіншісі — 2018 жылдан бастап қалдықтар саудасы жүйесінің іске қосылуы. Оның пайдасы қандай? Мәселен, біздегі әрбір кәсіпорын зиянды қалдық шығаруға белгілі бір мөлшерде квота алады. Егер кәсіпорын өндірісінде жаңа технологиялар пайдаланып, зиянды қалдықты аз шығарса, онда артылған квотасын сата алады.  Үшіншісі — энерго тиімділік стандарттарын енгізу. Мысалы, құрылыста қабырға қалыңдығының белгілі бір мөлшері бар, міне осы стандартты сақтау керек, сонда энергия тұтынысы төмендейді, — дейді Сәулет Сәкенов. Алайда оның айтуынша, осы жобалармен шектелмеу керек, бұл салада қолға алатын іс әлі көп. Негізінен, Киота хаттамасы мен Париж келісімі нормаларын ескермеген мемлекеттерге эмбарго жарияланады екен. Сондықтан бұл қатарда қолға алған істі мемлекет жеделдетіп, соңына жеткізсе деген бір тілек бар бізде.

Оқи отырыңыз

Айқын Қоңыров : Біз халқы кедей тұратын бай мемлекетпіз

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров премер-министр Бақытжан Сағынтаевтан ұлттық кірісті бөлу жүйесін қарауды өтінді. Бұл туралы BNews.kz хабарлайды. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *