Бастапқы бет / Айтарым бар еді / ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСҚА

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСҚА

Бүгін Алтайдың ар жағындағы ағайының басына күн туғаны белгілі. Алтайдағы Алаштың Арқадағы Алашқа үмітпен қарап отырғаны да айқын. Әділетсіздіктің құрбаны болып, сұрқия саясаттың жемтігіне айналып, қазақ болғаны үшін қолы қайырылып, мұсылман болғаны үшін зынданға тасталып, түркі болғаны үшін түрмеге тоғытылып жатқанын біліп отырмыз. Жүрегіміз сыздап, көзіміз жасаурауда. Тар жол тайғақ кешкен қандастармен тілек те, ниет те бір. Бірақ қолдан келер қайран бар ма?! Қазақ билігі де қолдан келген әрекетті жасап жатыр. Солай деп сенемін. Сыртқы Істер министрлігінде де, өзге ұйымдар мен қозғалыстарда да бұл мәселе көтеріліп жатыр. Қытай билігіне хатта жіберілді, үндеу де айтылды. Бірақ бұл заманда қағаздың құны да, уәденің құны да көк тиын екенін ескерсек, көңіл көншімейді. Қытай «бұл біздің ішкі мәселеміз, араласпаңдар!» деп қиып айтты. Онысы қаншалықты әділетсіз болса да халықаралық заңдар шегінде дұрыс. Ащы да болса ақиқат осы. Өйткені 21 ғасырда әлем қарсылық қағазынан ары аспайды.
Қазақта «ер туған жеріне» деген тамаша сөз бар. Бір-ақ ауыз сөз. Бірақ мағынасы тым терең. Кешегі өткен қиын-қыстау заманда да қазақ туған жердің бір уыс топырағын шүберекке түйіп әкеткен. Ақтабан болып шұбырған сәтте де ажалын атамекеннен табу үшін өзге ел асқан алаш баласы қайта оралған. Өзге елде сұлтан болған Бейбарыс та туған жердің жусанының иісін аңсап өтіпті. Сұм тарих Алаштан Алтайды алғанымен, Арқаны алмапты. Ендеше Атажұртқа ат басын бұр, Ағайын! 400 мың келімсекке табылған орын, 1,5 миллион қазағыма әсте табылады. Қара су ішсең де, қара нан жесең де Абайды туған жерде, Абылайды туған елде жегін. Атамекенде қағанағың қақ, сағанағың сақ болмаса да, ертеңгі күнге үреймен қарамайсың. «Оралман» деп кемсітетін жандар бар» деп ойласаң, ондай ақылы өз басынан аспайтын ақымақтар қай заманда да, қай қоғамда да болған. Сондықтан бұл бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселе емес.
Атажұртқа қайт,  Алаш баласы! Қытайдың қысымынан құтылғың келсе, туған жерге туыңды тік текті ұрпақ!

Асхат қасенғалидің фейзбук парақшасынан алынды

Оқи отырыңыз

Қазақ көші-қоны мемлекет саясатындағы ұлттық мүдденің алтын тұғыры

23 маусымда V дүниежүзі қазақтары құрылтайында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбековсайланған еді. Зауытбек ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *